Жыл сайын Қазақстанда білікті инженерлерге, техниктерге, конструкторларға және жұмысшы кәсіптерінің мамандарына қажеттілік артып келеді. Мұндай жағдайда қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің көптеген кәсіпорындары оқушылар мен студенттерді нақты өндіріспен, технологиялармен және кәсіби даму мүмкіндіктерімен таныстыру үшін әлеуметтік маңызды миссияны өз мойнына алады. Бүгінгі таңда кәсіптік бағдарлау экскурсиялары жастардың саналы мамандық таңдауын қалыптастырудың ең тиімді құралдарының біріне айналуда.
«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ болашақ кадрларды дамытуға үлкен көңіл бөледі және болашақ мамандарға практикалық тәжірибе беру үшін оқу орындарымен ынтымақтасуға дайын. Компания техникалық мамандықтарды дәріптеу саясатын жүргізеді және оқушыларды оқыту кезеңінде даярлауды жүзеге асыра отырып, кадрларды дамытуға ниетті.
Осылайша, «Семей инжиниринг» АҚ жыл сайын инженерлік және жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған таныстыру экскурсиялары мен Ашық есік күндерін өткізеді. Биыл кәсіпорынға «Көлік колледжі» КМҚК, «политехникалық колледж» КМҚК студенттері, №29 «Пальмира» жалпы білім беретін мектебінің, Семей қаласының НЗМ оқушылары, сондай-ақ «Шәкәрім университеті» КЕАҚ студенттері келді.
Жас қонақтар нақты өндірістік процесті көруге, саланың болашағын бағалауға және кәсіпорын қызметкерлеріне қызықтыратын сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Кәсіптік бағдар беру жұмысына «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС де елеулі үлес қосады. Жұмысшы мамандықтар жылы мұнда бірнеше мамандандырылған іс-шаралар өткізілді. Осылайша, Орталық «Қазтұтынуодағының Жоғары колледжінің» 1 курс студенттерін қабылдады. Студенттер кәсіпорынның ғылыми-өндірістік қызметінің бағыттарымен танысты, пилотсыз технологиялар, роботтандырылған жүйелер және қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің инновациялық өнімдері саласындағы әзірлемелерді зерттеді.
Сонымен қатар, Орталық ҚР ІІМ басқару академиясының мамандарына экскурсия ұйымдастырды. Қонақтарға техниканың үлгілері көрсетіліп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мониторинг және жедел ден қою үшін оны қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Қос мақсатты жобаларға ерекше назар аударылды.
Қазан айының ортасында кәсіпорын мектеп-лицейдің 9-сынып оқушыларын қабылдады. Олар үшін экскурсия инженерлік және конструкторлық мамандықтарды алғаш рет ішінен көруге мүмкіндік болды. Мұндай іс-шаралар оқушыларға техникалық білімнің болашағын алдын-ала бағалауға және инженерлік ғылымдарға деген қызығушылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Петропавл қаласында «С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ ҚР Ұлттық ұлан академиясымен ынтымақтасады. Зауытта «байланыс әскерлерінің командалық-тактикалық» мамандығының курсанттары үшін практикалық сабақтар өткізіледі. Теория мен практиканың интеграциясы болашақ офицерлерге байланыс және басқару жүйелерінің ерекшеліктерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зауыт «М. Қозыбаев атындағы СҚУ» студенттерін қабылдады. Болашақ инженерлер арнайы байланыс, цифрлы теледидар және ZIKComputers өнімдерінің өндірісімен танысты.
Кәсіптік бағдар беру жұмысындағы ең белсенді кәсіпорындардың бірі «ПЗТМ» АҚ болып қала береді. Мұнда колледж студенттері мен Петропавл оқушыларына экскурсиялар үнемі өткізіліп тұрады. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дуальды білім беру бағдарламасының арқасында көптеген оқушылар оқу кезінде жұмыс орындарында тәжірибеден өтіп, тәлімгер алады және аттестаттау қорытындысы бойынша бірден жұмысқа орналаса алып келеді. Зауыттың көптеген қызметкерлері еңбек жолын дәл осындай тәжірибелерден бастады.
«ПЗТМ» АҚ сонымен қатар 9-сынып оқушыларының топтарын қабылдайды. Оқушылар зауыттың мұражайына барып, онда олар кәсіпорынның тарихымен танысады, содан кейін өндірістік учаскелерден өтеді, онда олар машина жасаудың заманауи технологиялары мен бұрғылау қондырғыларына арналған бөлшектерді жасау процесін өз көздерімен көреді.
Жыл бойы холдинг кәсіпорындары «Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ», «Қ. Сәтбаев атындағы ҚазТБУ», «М. Нарықбаев атындағы КАЗГЮУ» және басқалардың, жұмыс берушілер мен болашақ мамандар арасындағы байланысты нығайта отырып, бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне белсенді қатысуда.
Экскурсиялар, кездесулер мен жәрмеңкелер нақты өндірісті көруге, мамандардың жұмыс ерекшеліктерін түсінуге, технологиялар, еңбек жағдайлары немесе жұмысқа орналасу перспективалары туралы кез - келген сұрақтар қоюға мүмкіндік береді. Бұл мектеп оқушылары мен студенттерге абстрактілі идеяларға емес, жеке тәжірибеге негізделген болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Сонымен қатар, оқушылардың кәсіпорындардағы жұмыс ерекшеліктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған іс-шаралар инженерлік және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықты қалыптастырады, жас ұрпаққа ел өнеркәсібінде өз болашағын көруге көмектеседі.
Сондықтан кәсіпорындар жүргізетін кәсіптік бағдар беру жұмысы жаңа технологияларды құратын және елдің өнеркәсіптік егемендігін нығайтатын мамандарды қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналуда.